«ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ» РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР

   2019 жылдың 15 қарашасында Алматы облысы Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің базасында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын тұтас педагогикалық үдеріске интеграциялаудың маңыздылығы» тақырыбында облыстық әдістемелік семинар өтті. Семинарға «Бөбек» ҰҒПБСО-ның аға ғылыми қызметкері Н.А. Аринова, «Өрлеу» АҚФ «БАҰО» Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты «Мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдау» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Абдикаликова Б.Т., Алматы облыстық білім басқармасының тәрбие бөлімінің бас маманы Рахымбекова С.А. қатысты.
   Абдикаликова Б.Т. Алматы облысы педагогтерінің біліктілігін арттыруда тек курс өткізумен шектелмей, оқыту семинарларын жүргізіп, ұстаздардың рухани-адамгершілік білімдерін кеңейтіп, әлеуеттерін жоғарылатуға үлес қосып жатқанын атап кетті.
   «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын жүзеге асыратын негізгі базалық мекеме ретінде колледж оқытушылары әдістемелік-шығармашылық іс-тәжірибесімен бөлісті. Өзін-өзі тану пәнімен интеграцияланған сабақтар, жас мамандармен ата-аналармен жүргізілген және сыныптан тыс іс-шара жұмыстары көрсетілді.

     Адамгершіліктің қайнар бұлағы - халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді. Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», - дейді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы - өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі- келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу - біздің қоғам алдындағы борышымыз.

1.jpg2.jpg3.jpg6.png5.png4.png